Меню KDT
Поделиться с друзьями:

Астана қаласы білім басқармасының  №63 мектеп-гимназия сайтына Қош келдіңіздер!

Наурыздың жауһаз сырлары

Жамырап күнде жас өмір,

Маңырап тұрған марқасы.

Сауыры семіз құтты жер,

Қазақтың Сарыарқасы.

Қасым Аманжолов, -деп жырлаған қазақтың Сарыарқасына Наурыз келді.

     Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында ерте замандардан орын алған. Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. Әз-Наурыз жылда Астанада тойланады. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар – көкпар, аударыспақ, күресқыз қууалтыбақан,тең көтеру, т.б. ойналады. Бұл мерекеге біз ата-анамызбен барамыз.
     Халықтың түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Осы күн қазақ елі үшін әрқашан қасиетті саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен қауышуды білдіреді. Осы күні адамдар арам пиғылдан тазарып, ауыл ақсақалдары араларына жік түскен ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған. Осындай салт-дәстүрлерді білу біздің міндетіміз.
     Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Бұл даярлықты біздің мектеп бастап та кетті.

     Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді.

     Халық наурыз мерекесіне алдын - ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл - тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн Анаға деген тағзымнан көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. "Бұлақ көрсең, көзін аш!", "Бір тал ексең, он тал ек!", деген сөз осыдан шыққан болу керек. Наурыз - достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған.

Арпа, бидай бастаған,

Жеті дәмнен аспаған.

Наурыз көже –көп көже,

Бұл тойдағы бас тағам!

"Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата - үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!" - деп бата береді. «Даласы мауыт-пүліштей, Дария дарқан думан жер», -деп ақындар жырлаған біздің туған жеріміз осындай думанды да, бай да , дарқан жер!Ұлы мереке қазақ халқына тек жақсылық әкелсін!

                                                                                                                                                                                                                         Қойшыбек Ернар 5 «Ә»сынып


«Анашым, бір өзіңсің табынарым»

Асыл жаным , ардақтым, дүниедегі мен үшін ең қымбат жан анама деген жүрекжарды сезімімді осы хат арқылы жеткізгім келеді.

Аса қадірлі анашым!

 Осы бір хатымды жазбас бұрын қатты толқыдым. «Неге?» дейсіз ғой... Кешегі тұлымшағы желбіреген кішкентай ерке қызыңыз, бүгін сағымдай болып тербетіліп, өтіп жатқан уақытпен таласа бой жеткенін аңғарды. Сондықтан да болар, күнделікті тіршілікте айтыла бермейтін сырымды, өзіңізге деген ыстық сезімімді, шексіз алғысымды осы хат арқылы білдіруді жөн көрдім.

   Сіз мен үшін ең ыстық, жаныма жақын адамсыз. Алғаш дүние есігін ашқанымда сіздің ақ сүтіңізден нәр алып, сіздің құшағыңызға еніп, мейіріміңізге бөлендім. Менің аузымнан шыққан ең алғаш сөз де осы «мама» болып еді ғой.  

   Міржақып Дулатов атамыз айтқандай, «бізді сүйетұғын, күйетұғын», әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл - Ана!

Сіз біздің үлгілі азамат боп өсуіміз үшін бар күшіңізді салып, тер төгіп келе жатырсыз. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызын өтей алмайсың» деген халық. Шынында да, сіздің осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп өсірген еңбегіңіз шексіз. Осы еңбегіңізді ақтау үшін мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Алайда, сіздің маған деген махаббатыңыз бен қамқорлығыңызды өтеу үшін не жасасам да, сіздің түнгі   ұйқыңызды төрт бөлген бір күніңізді өтегендей ғана боламын.

   Мен үшін дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы, барлығы – сіздің қолыңызда. Сіз - осы жарық дүниедегі ең жақыным, жанашырым, қадірлім, қамқоршым, ардақтымсыз. Дүниеде анадан жақын кім бар балаға? Өзіңіздің жағдайыңызға қарамасаңыз да , біз үшін бәйек боласыз. Өз аузыңыздан жырып, бар тәтті- дәмдіңізді , жылы жұмсағыңызды бізге қоясыз. Сізге теңеу жетпейтіні де сондықтан.

   Мен, әкем және бауырым үшін сіз - тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің кәусар бұлағындайсыз. Біздің бақытты отбасы - киелі шаңырағымыз бәріміз үшін ең жылы ұя. Сол ұямыз – сіздің мейірімді алақаныңызда. Үйімізде орнаған тыныштық, береке-бірлік - сіздің еңбегіңіздің жемісі. Сол үшін рахмет, Анашым!

Әр адамның   әдептілігі мен жан жүниесінің сұлулығы, ең алдымен, балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады деген сөз бар. Шынында да, сіз біздің бойымызға ең жақсы қасиеттерді дарыта алдыңыз. Абай атамыздың: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол»,-деп ескерткенін ұқтыра отырып, өнерге, жақсыға баулыдыңыз. Оқудағы, өнердегі айтулы жетістіктеріміз де - сіздің үлгі- өнеге, тәрбиеңіздің арқасында. Әрбір қадамымызды қадағалап, қиыншылықта қолдап, демеп жүрсіз. Сол қамқорлығыңыз үшін рахмет, Анашым!

   Мен үшін дүниеде сіздің махаббатыңыздан қасиетті нәрсе жоқ. Тіршіліктің көзі, махаббатың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы – сізсіз. Орыстың ұлы жазушысы М.Горькийдің «…Дүниеде не жақсылық болса, соның бәрі ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралған» деген сөзін қайта-қайта айта бергім келеді.

   Дүниедегі бар нәзіктік   сіздің алақаныңызда жиналған, сондықтан да ол - мен үшін жылы ұя. Екеуміздің арамызды құтты бір көзге көрінбейтін тылсым сырлы жіп жалғап тұрған секілді .Сол арқылы менің көңілімдегі қылаудай мұң сіздің жүрегіңізге жетеді, сол арқылы сіз менің титтей қуанышымды да бар болмысыңызбен сезінесіз.

   Кейде бір өзіңізбен оңаша қалған сәттерімде жүзіңізге үңіле отырып, «Менің анамнан сұлу, сүйкімді жан жоқ шығар», - деп шаттанамын.  Жылы жүзіңіз бен қарақаттай қара көздеріңіз сондай жарасымды!   Әрбір қимылыңыз, әр сөзіңіз ашуды ақылға жеңдіретін ұстамды, салмақты екендігіңізді аңғартады. Тіпті туысқандарымыз бен көрші- қолаңдардың өзі көп жағдайда сізден ақыл- кеңес сұрайтыны содан болар?!

   Дүниеге келген күннен бастап, сіздің ақ сүтіңізден – нәр, аяулы алақаныңыздан – қуат алып, асқар арманыма шарықтап, биік шыңдарыма қанат қағып келемін. Бәлкім, Ана махаббатының құдіреттілігі де сонда шығар?!

   Сіз – мен үшін осы дүниедегі ең бір жақын адамымсыз. Сіздің мен үшін қымбаттылығыңызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің сәл бір нәрсеге көңілім түссе, қабағым түссе, ең әуелі көріп қоятын , не болды деп, үрейіңіз ұшып, тыным таппай, жанымнан табыласыз. Сол үшін рахмет, ғазиз Анам.

Сіздің маған берген махаббатыңыз бен қамқорлығыңызды ойласам, Мағжан Жұмабаевтың осы бір өлең жолдары есіме оралады.

Құшағыңа алдың, сүйдің сен, анам,

Ренжу жоқ, барлық сөзің: «Жан балам!».

Ыстық-суық , желге – күнге тигізбей,

Асырап, сақтап, болдың, анам, баспанам.

Түнде тұрып түн ұйқыңды төрт бөлдің,

Тыныш ұйықтасын деп аз сөйлеп, аз күлдің.

Ыңырансам, я қарным аш, я тоңған

Екенімді ойламастан тез білдің.

Сіз бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, арлы, намысты етіп өсірдіңіз. Сіздің еңбекқор, қажырлығыңыздың   арқасында әркез көйлегіміз көк, тамағымыз   тоқ. Анашым! Сіз тек еңбексүйгіш   емес, баршамыздың көңілімізді тауып, жарасымды, талғамды бой жетуімізге зор үлес қосқан өнерлі жансыз...

Өмірімнің сәнін де, әрін де келтіретін, жаманымды жасырып, жақсылығымды асыратын да – сіз. Сіз - әрқашан қандай жағдай болмасын мені жұрт қатарынан қалмай, білім алып, үлкен азамат болуымды қалап, әрқашан тілеуімді тілеп жүретін асыл жансыз. Жабыққан , сүрінген сәттерде әрқашан жанымнан табыласыз, қолтығымнан демеп, жұбатып, үлкен армандарға жетелейтін , нұрға толы жүрегіңізбен үмітімді келер күнге жалғайтын да - сіз.

   Қолыңыздан шыққан әрбір бұйым көздің жауын алады. Мен де өзіңіздей шебер болғым келеді. «Анаға қарап қыз өседі» ,- дейді ғой дана халқымыз. Мүмкін мен де дәл өзіңіздей айналамдағыларды бақытты етермін...

     Кейде әлемге жар салып, ананың құдіретін айғайлап айтқым-ақ келеді. Ана, сіз менің өмірімдегі барлық жақсы игі істердің бастауы, жақсылықтың жаршысысыз. Сізге деген ыстық сезімімді , ыстық ықыласты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек өз жүрегіммен сезініп, ісіммен көрсетемін. Бойыңыздағы бар асыл қасиеттерді бізге дарытуға тырысып, барынша жақсы тәрбие беруге ұмтылып, қара шаштарына ақ түсірген, біз үшін от пен суға бірдей түсетін аналық қайсарлығыңыз үшін сізге мың алғыс, Анашым!

Әлемге әйгілі ақын, жазушылар мен ғұламалардың ішінде Ана жайлы ой тебіреніп, сөз жазып қалдырмаған жан жоқ шығар. Ана десе, толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуы мүмкін емес қой!

Дүниеде асыл жанның бірісің,

Сен мен үшін ұлылардан ұлысың,

Шуағыңа бөлегенде мейірімнің

Жүрегімнің жарып шыққан жырысың.

Тәрбиеңді үйренгенмін бесіктен,

Алаңдарсың сәл-пәл ғана кешіксем.

О, Анашым, төбең көкке жетеді,

 Мен туралы жақсы бір сөз естісең ,

- деп шын жүректен, сәбилік ниетпен осы өлең жолдарымды тек қана сізге арнаймын.

   Рахмет сізге, барлығы үшін, рахмет! Егер сіз болмасыз, бұл өмірдің мәні болмас еді ғой. Мен, әке, інім, барша туыстар үшін сіз ерекше жансыз. Бізге бақыт сыйлап, берекемізді қашырмай, тәрбие беріп, өсіргеніңіз үшін шексіз ризамыз! Келешекте осы еңбегіңізді ақтаймын, Анашым! Сіз бұл өмірде жүзіңізде шаттық пен күлкі үйіріліп, көл бетінде өрнек салған аққудай бақыт бесігінде әкеммен бірге қуанышты серік етіп, тербеліп жүре беруге лайық адамсыз. Сіз - біздің кеудеміздегі жүрегіміз, өмірдегі тірегімсіз.

     Көзіңіздегі нұр ешқашан сөнбесін, бізге өмір бойы нұрын шаша берсін! Сізге ұзақ ғұмыр тілеймін! Өзеннің ағысындай, тұлпардың шабысындай, толқынның жарысындай өтіп жатқан әрбір жылыңыз шаттық пен қуанышқа толы болсын! Өмір деген үлкен белестің сулы жеріне батпай, тайғақ жеріне таймай, отты жеріне жанбай, соқпағына соқтықпай, біздің қызығымызды көріңіз! Барлығы үшін сізге шынайы көңілден рахмет!                                                  

Авторы: Қабиденова Әлима

 9-сынып оқушысы

 

Ана деген ұлы есім құдіретті.

  Ана –ұлы есім!Осы бір ауыз сөздің астарында қандай мағына бар десеңші?! Адам баласы өмірге шыр етіп келгеннен бастап,ананың аялы алақанын сезінеді. Ана-өмірдегі ең ардақты ,мейірімді жан. Ананың орны әрдайым бөлек және оны ешкім баса алмайды. Ол көзінің ағы мен қарасындай балапандарын қызғыштай қорып, өмірден өткенінше жаратқаннан перзентіне ғұмыр, жамандық атаулыдан   аулақ болуын тілеп өтеді. «Ана бір қолымен бесікті,екінші қолымен әлемді тербетеді»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Анаң өмірдегі тірегің, дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін шамшырағың.Өмірге келген әр адамның ең алғыш тілі де «ана» деп шығады. Өсіріп мәпелеген ұяңнан қанаттанып ұшсаң да, өзің қарыздар асыл жанның алдында оның шексіз мейірімділігі мен құдіреттілігіне тағы да басыңды иесің.Әлемнің қай түкпірінде жүрсең де, анаңның ақ тілегі саған рухани күш беріп,демеп жүреді.

        Адам бойындағы жақсы қасиеттер анадан балаға тарайды. Абзал жанның үмітін ақтап,жақсы азамат болу менің басты парызым. Сен үшін өмір сүрген ақ жаулықты аналардың көңіліне кірбің түсірмеуіміз керек. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз.Ана-дүниедегі ең асыл жан , бізді дүниеге әкелген адам. Тоғыз ай,он күн құрсағында көтеріп, жарық дүние сыйлаған. Біздің қателігімізді кешіре білген, ақ жүректі,асыл жан.

Өкінішке орай,қазіргі таңда анасынан бас тартып, қарттар үйіне өткізіп жатқан «қайырымсыз» адамдар қоғамымызда толып кетті. Олар ата-ана қадірін білмей, ертең осының түбі өкінішке әкеп соғарын кеш ұғынады ғой. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген халқымызда сөз бар.Тірлігінде тіршіліктің мәнін ұқпаған қайырымсыз ұрпағың ертеңінде бұдан да өткен сорақылыққа тап болмасына кім кепілдік бере алады?Сол себепті барыңды бағала, сенің бақытты болуың да ананың ақ тілегімен ұштасып жатыр.Кейбір адамдар анасына ауыр сөз айтады.Мен осыны көре,ести отырып таң қаламын. Сол шіркіндер «Жұмақ ананың табанының астында» деген халық даналығын есіне неге алмайды? Сен қанша қателік жасасаң да,анаң саған кешіріммен қарайды, себебі ол алтын жүректі жан. Әлемді билеген атақты адамдардың өзі  де ана уәжіне тоқтап, ана алдында басын иген. Ұлы Абайдың өзі анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің тәрбиесін көрген еді. Әдебиет пәнінен ұлы ақын туралы «Ақын қонақтар» әңгімесін оқығанда, аналардың құдіретіне тағы да басыңды иесің. Бір өкініштісі, бүгінгі таңда текті халықтың ұрпағының ұсақталып бара жатқанын көргенде, ішің қыж-қыж қайнайды екен.

         Қорыта келе, бүгінгі жас ұрпаққа айтарым ата-ананың қадірін біліңдер,құрметтеңдер! Ана деген құдіретті есім. Осы қасиетті есімге көлеңке түсірмей, барыңды тірлігіңде бағалай жүріңдер дегім келеді. Сөз соңын төмендегі өлең жолдарымен қорытындылаймын.

 

                     Айналайын, ақ мамам,

                     Бізді өсіріп баптаған.

                    Жақсы болсақ шаттанған,

                     Алтыным деп мақтаған,

                     Айналайын, ақ мамам.

 

                     Түнде сергіп жатпаған,

                       Күндіз тыным таппаған.

                       Бізсіз тамақ татпаған,

                       Айналайын, ақ мамам.

Аманбайқызы Гүлжан

№63 мектеп-гимназия

5 «А» сынып оқушысы

Жетекшісі: Бигожина Б.О.



«Дос»

Болашаққа бірге жоспар құрысқан,

Ойнап – күліп бір – бірімен жарысқан.

Бар менің адал достарым көптеген,

Ренжісе де, бір күннен соң достасқан.

Өмірде де сатқын достар болады,

Өмірде ол жаман адам болады.

Ондай адам емес, менің достарым,

Өмірімде жақсы достар қалады.

                                      №63 мектеп-гимназия
5 «а» сынып оқушысы
Қалымбек Нұрасыл


«Асыл Ана»

Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – Ана. Ана баласы қандай қателік жасаса да кешіреді. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Өз баласын бағып–қағуда ана өзін–өзін ұмытып, барлық күш жігерін перзентіне жұмсайды, ол арқылы оның жаны нұрлана, нәрлене түседі. Ал балалар анасын барынша құрметтеп, қастерлеу әрбір баланың борышы. Ананың мейірімі жан – жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар.

                             5 «б» сынып оқушысы:
Абдрахманов Бекназар

 

«Ана».

Әр ана өз баласын әр түрлі жақсы көреді. Кішкентай кезімізде егер білмей, түсінбей жатсаңыз ол сізге әрқашан көмектеседі. Біз өсіп, ер–жеткенде анамызды қадірлеуіміз керек. Әрине уақыт өте келе оларда қартаяды. Ешкім әлі кәріліктен құтылған жоқ. Бірақ көптеген адамдар өз аналарын қартайған шағында қадірлемейді. Мысалы: олар қартайған шағында қол ұшын бермейді. Олар қартайып, ұмытшақ бола бастағанда, біз ашуланып дауыс көтереміз. Кішкентай кезімізде біз білмей, ұмытып қалған жағдайларда олар бізге ұрыспай, айтып түсіндіреді. Менің ойымша, аналарымыз қартайғанда қайтадан бала кейпіне оралатын сияқты көрінеді. Сондықтан анамызға әрдайым қамқор болайық!

                                               8 «а» сынып оқушысы:
Амангелдинова Гүлназ

 

«Махаббат»

    Махаббат бұл ең қасиеті, ең киелі сезімнің бірі. Махаббат деген ең бірінші кіршіксіз, пәк сезімді қажет етеді.

Негізінен махаббаттың көптеген түрі бар. Олар: анаға деген махаббат, досыңа деген махаббат және өмірлік сүйгеніңіз, шынайы ғашық болған, жүрегіңіздің бір бөлігінен ерекше орын алған адамға деген махаббат. Махаббат ең әуелі бір–бірін унатудан басталса керек. Махаббат дегенде ең алдымен менің есіме сүйікті ақыным Мұқағалидың «Бақытымың сен менің» атты өлеңінен үзінді:

         Адамның сезімінен сезіктенбе,

         Сезімді сезіне біл, төзіп көн де.

         Ақыл менен парасат бағынады

         Шынайы шын сезім кезіккенде...

Бұл өлең жолдарының адамға түрліше ой салары анық. Сол себепті егер де шынайы махаббатыңыз, сүйіктіңізді кездестірсеңіз оны бағалай біліңіз.